Солтүстік Қазақстан облысы аудандарының біріндегі дүкендерден 300 литрге жуық заңсыз алкоголь тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден үш дүкенде заңсыз алкогольді анықтады. Рейдтік іс-шаралар барысында құрамында спирті бар өнімдерді заңсыз сақтау және сату фактілері белгілі болды. Екі сауда нүктесінен тәртіп сақшылары **74,5 литр арақ**, сондай-ақ **акциздік маркасыз 258 қорап темекі** тәркіледі. Ал үшінші дүкеннен **алкоголь саудасына лицензиясы жоқ 83 литр арақ**, **31 литр коньяк**, **29 литр шарап өнімі** мен **80 литр сыра** сатуға қойылған.
– Барлық факті бойынша сауда нүктелерінің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкоголь – басты криминогендік факторлардың бірі, ащы суға қарсы заңнаманың бұзылуымен күрес Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды шарты болып табылады, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбек Тоқтамысов.
Осы уақыт аралығында ауданда жергілікті кәсіпорыннан дизель отынын ұрлау фактісіне тосқауыл қойылып, **43 жастағы ауыл тұрғынынан тіркелмеген аңшы мылтығы** алынды.
– «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыруға полиция қызметінің барлық бағыты бойынша жұмыс бағдарланған, – деп толықтырды полиция өкілі.