СҚО-да қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін техноэкопарк құрылады, деп хабарлайды Петропавловск.news.
Астанадағы ОКК-де өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерін СҚО-да Техноэкопарк құру жобасы қызықтырды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде отандық инвестордың күшімен Техноэкопарк құрылатынын, оған қалдықтарды сұрыптау кешені, қағаз өнімдері фабрикасы, картон және металл-пластикалық зауыты кіретінін атап өтті.
Қалдықтарды сұрыптау кешені аймақтағы қоқыс полигондарымен және қалдықтарды жинаумен айналысатын кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейтін болады, бұл аймақтағы қалдықтардың көлемін азайтып қана қоймай, қайталама түйіршіктер шығару арқылы одан әрі өндіріске шикізат алмақ.
Сонымен қатар, қағаз және картон бұйымдарын, автокомпоненттер мен агротехниканың қосалқы бөлшектерін шығару, сондай-ақ тұрмыстық бұйымдар шығару жоспарлануда. Жобаның құны 26 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2025 жылы басталмақ.